19.09.2022
  111


Автор: Сағат Әбдуғалиев

Жолығысу жыры

Жүздеген жүректерге жеңіл еніп,
Жүздік жыр-теңізден тебіреніп.
Қарадың топ ішінен кірпік қақпай,
Жоғалған жер үстінен мені көріп.
Айтар ма ақиқатты жыр тілі кем,
Ұмыттым ұзақ жылдар күлкіні мен.
Желкендей желді күнгі жеткізбедің,
Жайықтың жағасынан ұмтылып ем.
Шеберлершығарғанда шыбықтан бау,
Қиянат өз-өзне жігітті алдау.
Дәлелдеп жалғыз жанға іңкәрлігін,
Жүрегім жиырма жаста тұрып қалды-ау!
Талдаса тарихтың көзі ноян:
Тумапты енді қайтып Қозы-Баян.
Жабысқан сендік дерттен еш дәрігер,
Еш дәрі жазбайтыны өзіме аян.
Шуағы шымырқанған,шіркін,жарық,
Сұмдықтың сенделмедім сыртын бағып.
Осы қыз он сегізде сүйді мені,
Осы қыз қайтармады күлкімді алып.
Күйттемей қарбаласта жан ырысын,
Түйсігім талайлардың таныды ішін.
Тағдырға қандай қарғыс айтсам екен,
Әуеде шырқатпаған әнім үшін.
Қопарып кетпеседе тауды күшім,
Жазасыз қалдырмадым жауды ісін.
Тағдырға қандай алғыс айтсам екен,
Армандай осы адамның саулығы үшін!
Инабат иірімдерін иман санап,
Көкірек –күйдің түрін жиған шанақ.
Бір қыздың құшағына симағаны-ау,
Бір әйел құрсағына сиған Сағат...





Пікір жазу