19.09.2022
  91


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ЖАЛҒЫЗ ЖАРТАС ЖАҒАДА...

“Ертiстiң ар жағынан көрдiм сенi,
Сырғаңды қайық қылып өткiз менi...”
...Бейуақта жалғыз жiгiт жағада тұр
Жан сырын жас аруға жеткiзгелi.
Өлi түн. Күптi жүрек күбiрлейдi.
Дүрлiгiп дүлей өзен дүрiлдейдi.
Тереңге тастай батқан жартыкеш Ай
Сұлудың сырғасындай дiрiлдейдi.
Сұр жартас мелшиiп тұр сөзге келмей,
Жан сырын жас жiгiттiң сезбегендей.
Жанары – меңiреу түн түкпiрiнде,
Елiктiң ерке лағын көздегендей.
Ұшына сол жанардың жалғанбайды от,
Өксiк-у кеудесiне толғандай кеп.
Тұр жалғыз тiлсiз жартас суық қарап,
Құйылған қорғасыннан қорғандай боп.
Үмiтшiл тiлек мықты, жүрек күптi,
Түбiне əр бұтаның түнек бұқты.
Жем болған қарлығаш құс – қаршығаға...
Бейхабар жiгiт одан, жүдеп күттi.
Тiл-аузы тiршiлiктiң байланғандай,
Мылқау түн бiр сұмдықты ойға алғандай.
Жартасқа сүйенiп тұр жалғыз жiгiт,
Өзi де тас мүсiнге айналғандай.
Арманды ғұмырлар бар сол мүсiндей,
Бақытқа бай əлемнiң шерлiсiндей.
... Түксиiп жалғыз жартас жағада тұр –
Қатыгез тағдырдың бiр белгiсiндей.





Пікір жазу