19.09.2022
  190


Автор: Сағат Әбдуғалиев

Темір торға тұмшаланып бет-бәден...

Темір торға тұмшаланып бет-бәден,
Жыламауға жігер күші жетті әрең.
Есік пен төр аралығын аңдытып,
Құшағынан қайда қашып кетті әлем?
Е, жалған-ай, жауыздықта жоқ есеп,
Боркеміктік болар дейсің неге сеп?
Бұтағымен талақтасып бұлбұл құс,
Күн шуақта кекіреді көк есек.
Жүрек сорлы жоғалтқандай жас өртін,
Тұңғиықтан тербемейді әсер тың.
Есер ұлдың ермегінен есті әке,
Бейшараның талақ қылды бас еркін.
Тас түнектен тебірентіп көк түбін,
Тарғыл-тарғыл көңілінен төкті мұң.
Құсалы құс жалғыздықта білдің бе,
Жанашырдан жендеттердің көптігін?!
Тамылжытып тауыңды әндет, тасты әндет,
Әуен асты көкіректен қашқан кек.
Қарғауға да кәдімгідей қақың бар,
Қара қарға қарқылдаған аспан деп!
Отты өзектен өршеленіп өр ұшқын,
Бәлденбесін басыңдағы беріш түн.
Әнді сыйлап өтер еді, әттең-ай,
Әділдік-қарт әлдилесе жер үстін.
О, бостандық, байлаудағы бір несіп,
Сан қиялда көбесінен сынды есік.
Туған жердің ұлылығын жырлайды ол,
Туған жердің түрмесінде күн кешіп!





Пікір жазу