19.09.2022
  124


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ҚЫР КӨКТЕМI

1
Көкжиек – қалыңдықтың аш белiндей,
Көл – айна, көз төңкерiп, көп тарану...
Отауға жаңа түскен жас келiндей,
Келедi кербез басып көктем ару.
Салдыртып тойға асыққан топ аттыдай,
Ақ сабын-көбiк болып бұлт көшедi.
Дегендей: “келiп қалды қонақ-құдай”,
Қарын мен қаптың аузын жұрт шешедi.
Күркiреп, күрпiлдетiп бұлт-сабаны,
Iркiтiн шалдыр-шұлдыр шайқады Күн.
Бiр көлдi жер бетiнен ұрттап алып,
Бүрке салмақ болғандай қайта бүгiн.
2
О, керемет, көктем бе – шын ба бəрi?
Шып-шып қана тер басқан шым даланы.
Тiлдей-тiлдей өзендер тiл табысып,
Тереземнiң көзiнде шырмалады.
Бұтақ сайын топ-топ құс ыршып қонып,
Кетiп жатыр қисапсыз бүршiк төгiп.
Түлеп алған ақ серкеш секiредi
Əр күннен уыс-уыс қылшық терiп.
О, мезгiлдiң теңдесiз асыл кезi,
Тоңмойындық алдыңда бас ұрды өзi.
Жалпақ қырда қозыдай жамырайды,
Қара жердiң сан жетпес жасыл көзi...
3
Құстардың көмейiнен құйылып əн,
Кең аспан күлiп тұрды миығынан.
Түн түсiп бара жатыр еппен ғана
Таулардың еңгезердей иығынан.
Ғашықтай тұра алмаған дегбiр етiп,
Таң-жiгiт ақ боз атпен келдi жетiп.
Қымсынып қымтанбаған денесiнен,
Жамылды жiбек-сəуле көл дiр етiп.
Ынтыққан көңiлдердiң, “жаны шыққыр”,
Тағатын алатыны-ай тауысып бiр.
Жүздерiн нұрмен бояп, именбей-ақ,
Күн мен Жер көкжиекте қауышып тұр..
4
Көкжиек саф алтындай алауланып,
Күн шықты қызыл борлат жалауды алып.
Жұлдыздың жұғынын да қалдырмастан,
Түн шiркiн ала кеттi қарауланып.
Əне, Күн – сүп-сүйкiмдi, дөп-дөңгелек,
Алғандай көздiң жауын от еңге боп.
Сұп-сұлу сымбатыңа сұқтанамыз,
Дүние-ай, мына қалпың неткен бөлек!
Рақатың, о табиғат, əр қилы екен,
Қыран-шың нұр үстiнде қалқиды екен.
Кең өлкем, керiлiп-ақ жатырсың-ау,
Тас кеудең таңғы алауға балқи ма екен?
Аспанның маңдайын-ай, жалтырап тұр,
Зерiндей кимешектiң – салқын ақ нұр.
Дариға, таңғы алау боп қалу қандай,
Осылай, бар сəулеңдi сарқып-ақ бiр!
5
Су астына сүңгiп кеткен балықтай,
Көк-мұхитқа жасырынып қалыпты Ай.
Мүйiзiмен алтын табақ көтерiп,
Таулар жатыр бұлт бауырынан от емiп.
Уақыт – зымыран, қағып қалды қанатын,
Сiлкiндi орман, кидi дала халатын.
Күн келедi –
Бiр перизат ақ маңдай,
Шымылдықтан... шығып келе жатқандай.





Пікір жазу