19.09.2022
  102


Автор: Ғұсман Жандыбаев

СИЫРШЫНЫҢ СЫРЫ

Жарық құйып жанарларға қалғыған,
Көкжиектан берген шақта таң қылаң,
Тағы он Күн шығып келе жатады
Менiң ашық тереземнiң алдынан.
Сылдыр-сылдыр шелек даусы не түрлi,
Сыңғыр-сыңғыр қыз күлкiсi от үндi,
Менi алады таңғы ұйқыдан оятып,
Күмiс үндi қоңырауым секiлдi.
Иығынан сусып түсiп қара түн,
Кие сала дала аппақ халатын,
Сəрiдегi сəруар нұрмен жуынып,
Жұпары аңқып, жұтынып бiр алатын.
Сыздап тұрған желiндердiң үрпiнен,
Ақ бұлақтар кiлегейi кiлкiген –
Сырылдап кеп құйылатын шелекке,
Араласып сыңғырлаған күлкiмен.
Тау басынан сайға құлап сары сағым,
Сүтке айналып жатқандай-ақ барша ағын,
Жүз шелекпен алады ылғи нұр сүзiп –
Он арудың саусағы.
Шығып келе жатқан Күндей күледi,
Жаңа сауған аппақ сүттей – тiлегi.
Жүз жанарға нұр толтырып кетедi –
Он арудың жүрегi.
“Құр бекерге көрiнумен елге ерек,
Қол қусырып бос тұрғаным жөн бе?..” деп,
Кие сала бiр арудың халатын,
Он шелектi толтырамын мен де кеп.
Сосын маған “қожасынып” (ой, қыздар!)
Дейдi дағы: “сиырларды тойғыз, бар!”,
Көздерiнiң нұрын сыйлап азыққа,
Менi ұзатып салады кең жазыққа.
Күнi бой кең өрiсте – жазықта,
Жүрсем де мен жүдемеймiн, қажып та.
Бiрақ көңiлiм қыздар байлап тастаған
Бұзаудай-ақ қалады əлгi қазықта.
Күн батарда – күмiс қанатын жайып сап,
Келе жатам нұр үстiнде қайықша-ақ.
Қыздар сонда күтiп менi алады,
Қолдарына шелек емес, Ай ұстап.
Əн мен жырын əуелете ұшырған
Қоңыр кеште – рақат сəтiн ұсынған,
Тағы он Ай туып келе жатады,
Менiң ашық тереземнiң тұсынан.





Пікір жазу