19.09.2022
  1732


Автор: Ғұсман Жандыбаев

МҰХТАР ШЫҢЫ

Сабырсыздау сары қарын аласа күн,
Сездiргендей жетерiн қарашаның...
...Төбедей боп төрде отыр алып ақын,
Есiне алып жас күнiн, бала шағын.
Есiне алды өткенiн, болашағын,
Өзi жаққан алғашқы дала шамын.
Есiне алды еңiреп шерлi жүрек,
Ақ таяқты қазақтың қара шалын.
Үнсiз отыр ұлы адам тiзiп көптi:
Қайғы да өттi, нелер бiр қызық та өттi.
Сұм жалғанның сұп-суық толқындарын,
Ескек етiп жүрегiн, бұзып кептi.
Жанарында жалтылдап ала сағым,
Толғанды ақын халқының болашағын.
Томағалы қыран құс дүр сiлкiндi,
Қан сонардың күткендей жол ашарын.
...Жатыр ақын оңаша, тыныштықта,
Өмiр оған суық та, тым ыстық та.
Соңғы сəтi тiрлiктiң осы ма əлде? –
Тəн дəрменсiз, жан мұңды, тыныс қысқа.
Селк еткiзiп бiр сезiм ұлы адамды,
Терең тартып, тынысын бiр-ақ алды.
Жұмыр жерге жұтқызып жiберем деп,
Көз алдына ажал кеп тұра қалды.
Шынымен-ақ... шынымен жеңер ме өлiм,
Тағдыр қазып қойған ба терең көрiн?
Келер ұрпақ сезбестен кетер ме екен
Кемел ойлы қазақтың кемеңгерiн?
Əрең сыйып зор үйдiң қақ төрiне,
Соңғы сөзiн жазды ақын дəптерiне.
Кiмге мұны қалдырмақ аманат қып?..
Ақын ауыр күрсiндi, қатты егiле.
Кенет... Үйге имене кiрiп келдi
Жетi жасар жеткiншек, қылықты, өңдi.
Кең маңдайлы, кекiлдi бала Мұхтар
Ұлы адамға сəлемiн күлiп бердi.
Ауыр ойды лақтырып шалғайынан,
Абай сүйдi Мұхтардың маңдайынан.
Бойы балқи толқыды бала Мұхтар
Ана сүтi кеппеген таңдайынан.
...Бiр щолды да дүниенiң солғын өңiн,
Алды ақыры ұлы адам соңғы демiн.
Жоқ, өлмептi! Өлмейдi ол! Қайта соқты –
Дана Мұхтар қолымен сом жүрегi.
Болашаққа ұлы ақын күлiп барды,
Аға Мұхтар Абайдан рухтанды.
Асқар шыңға Абайды шығарды да,
Сол биiкте өзi де тұрып қалды.





Пікір жазу