19.09.2022
165
![](/uploads/shorttexts/author_image/g-sman.jpg)
КӨЗ
Жарықты аңсамай ма жан сағынып,
Босанса қараңғылық шеңгелiнен.
Адамдар көзiн бiр сəт қалса жұмып,
Жер шығып кететiндей шеңберiнен.
Биiктiк, қашықтықтар небiр жүйрiк,
Оймақтай жанарыңнан озбайды алға.
Қараңғы, тар кеудеде көңiл жидiп
Кетпесiн деп бiткендей көз маңдайға
Тəрiздi асыл айна – Күн бiр алып,
Жататын шағылып мол арай тынбай.
...Толтырған кең əлемдi күллi жарық
Адамның жанарынан тарайтындай.