19.09.2022
  107


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ƏЖIМДЕР

Көп болған тар жол, тайғақ кешулерiң,
Халқым-ау, ұмытылмас шеккен бейнет.
Тең бе едi жану менен өшулерiң..
Мен оны айтпай қойман, “өткен ғой”деп.
Аз демен аһ ұрысың, өкiнiшiң,
Айырылған, бергенiң көп – алғаныңнан.
Келедi шемен сыр ғып тоқып iшiң..
Халқым-ау, шықтың ба бiр арманыңнан?
Халқым-ау, дей алмаймын азабың кем,
Менде жоқ жасырын ой, жалтарыс үн.
Бабалар бетiндегi əр əжiмнен
Көремiн тағдырдың сан қалтарысын.
Көлдерiң сиретiптi қоңыр қазын,
Сол көлге қандай жауыз құяды уын..
Атамның бетiндегi терең əжiм –
Ізiндей уақыт-тұлпар тұяғының.
Суарған қан-терiмен ар шынарын
Қасқайып Қаратаудың жартасындай,
Əжемнiң бетiндегi сансыз əжiм –
Бабалар тарихының картасындай.
Көремiн əр əжiмнен уақыт азабын –
Ұрпақтар мойнындағы мол парызды.
...Қарттарым бетiндегi қатпар əжiм –
Даламды айшықтаған жол тəрiздi.





Пікір жазу