ӨТЕЖАН НҰРҒАЛИЕВКЕ
Той – мынау!
Құрып жатқан салтанатын,
Төрде отыр төбедей боп арқалы ақын!
Тәж киген теңеулерім тайғанақтап,
Артқан жүк батқаны рас, арқама тым!
Не нәубет?!
Тіл байланып, жақ қарысқан,
Бәйгеден қалғаным ба, ат жарыстан?!
Қияға қиялап-ақ салып едім,
Жолымда жойқын жалды жатты Арыстан!
Тулайтын өнбойымда ағылып күш,
Жақсының елгезек ем жанын ұққыш.
Көкке де көтерілдім көрейін деп,
Төбемнен төнді алапат Самұрық құс!
Әп-сәтте есім шықты айлам қалмай,
Шырмалдым, қол-аяғым байланғандай.
Тылсымның түсінбедім жұмбағына,
Сау едім жаңа ғана сайрандардай.
Тірліктің састырғанмен сан қиғашы,
Өлеңнің мен білмейтін бар ма ұйқасы?!
Жерге түс, аспанға шық бәрі-бәрі,
Түп-түгел Өтежанның орбитасы!
Үй алмай, орден алмай, атақ алмай,
Мұныкі не құдірет матағандай?!
Қақшиып отырады қалт жібермей,
Баяғы қарт бабасы Қашағандай.
Тәкаппар, «тентек» ақын туысынан,
Шыжымдап шығармайды уысынан.
Толқыны төңкеріліп дөңбекшиді,
Теңіздей айдынынан бу ұшырған.
Дауа жоқ!
Көп оқиды, көп біледі,
– Обалың өзіңе, інім! – деп күледі.
Көгерген қолжазбасын күнге қақтап,
Ұяттың алауына кептіреді.
Ұлы ақын, таныс тұлға, таныс есім,
Сөзінің бәрі – бұйрық, бәрі – шешім!
Екі ауыз есендігін білу үшін,
Еріксіз екі құты дәрі ішесің!
Сартсың ба, сауансың ба-ау тері сатқан,
Қойшыдай құтың қалмайды бөрі шапқан.
Жап емес, арық емес андыздаған,
Дарияға не істемексің «Теріс аққан»?!
Түскен өрт кері шықпай өзегінен,
Дауылын дәрменім не сеземін мен.
Безердей берекесіз күй кешсе де,
Талақ қып кете алмай жүр өз елінен.
Егессе – ырғап та ұрған, бұлғап та ұрған,
Шарт үзген шыдамыңды шыңылап тұрған.
Мықтымен теңге тігіп айтысам деп,
Бәстесін бес минутта-ақ құм қаптырған.
Тәңірдің өзі орнатқан таңдайға ақық,
Сөнсе де сөкпес едік жанбай жатып!
Айбынтар асып-тассаң
Алшаң басқан,
Алдыңда ағаң бары – қандай бақыт!!!