19.09.2022
  83


Автор: Темірше Сарыбаев

АЗАТТЫҚТЫҢ АТАСЫ

Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына орай
Кәрі тарих жорғасынан жаңылып,
Ұлы рухтың тыныс-демі тарылып,
Қарт қазақтың қабырғасы ырсиып,
Бабалардың болған тұсы бәрі ұмыт.
Түнек басқан, түк көрмеген дала деп,
Кремльден күнде есетін «жаңа леп».
Жүз ұлтқа жүрек болам деп жүріп,
Бордай тозған барша ғұрып, бар әдет.
Октябрь деп, Ленин деп жырлатып,
Бізге біраз бұраңдады-ау бұл бақыт.
Сауаты жоқ, саңылаусыз елсің деп,
Ертегісін мезі қылған тыңдатып.
Сәулелінің санасында қатталған,
Көкіректе қан-жоса боп жатты арман.
Батыры жоқ, баланы жоқ ұлттың
Жаназасын шығаруға шақ қалған.
Сонда Ілияс қалам тербеп «Қаһарға»,
Ұлы рухты қайта қосты қатарға.
Күншілдердің күйік кеулеп кеудесін,
Ойшыл ұлды оқ таппапты атарға.
Туған елдің толтыратын кемісін,
Қазағымның көп екен ғой ері шын.
От қаруға омырауын тосыпты,
Шейіт болып ұлтарақтай жер үшін.
Бөлінбейтін бір деп жүрсек еншіміз,
(Мүмкін, мені-ақ қателесті дерсіңіз).
Зілзаласын зеңбірекпен зулатып,
Көресіні көрсетіпті-ау көршіміз.
Барып-барып басыр көздер ашылды,
Қайта ояттық қалғып кеткен ғасырды.
Енді өлдім-ау деген сәтте, Ілияс
Өрге қарай домалатты тасымды.
Сөз бе бүгін тарихтың қатасы?!
Сөз бе бүгін саудагердің матасы?!
Бар қазақты күллі әлемге паш еткен
Ілияс қой азаттықтың атасы!





Пікір жазу