19.09.2022
  275


Автор: Темірше Сарыбаев

Зергер

Ғабит Мүсіреповке
Қашадың шекіп сөзге өрнек
Тілімен туған халқыңның.
Саралап, екшеп, безбендеп
Күмісін,
Мысын,
Алтынын...
Көздің де майын тауыстың,
Жасамай жанға іштарлық.
Ойлармен оқшау қауыштың,
Не деген ғажап құштарлық?!
Сөзіңнен сәуле жарқылдап,
Сезімге шұғыла шашқанда,
Меңіреу мұз бен қар тұрмақ,
Балқыды-ау қара тастар да!
Бықсыды шала шалғайда,
Көмейде қанша кетті дау?!
Тамызда кепкен таңдайға
Тіліңнің балын төктің-ау!
Аранын көрдің аштықтың,
Нелерді бастан өткердің.
Куәсі болдың қастықтың,
Бүлк етпес бедеу беттердің...
Жүйкеңді жүрді мұң қажап,
Кенде емес едің қайраттан.
Сендей-ақ болар бір қазақ,
Сөзінен жұлдыз жайнатқан.
Таймадың тура жолыңнан,
Мансапқа, шенге кішірмей,
Өлгенше кеттің қолыңнан
Шындықтың туын түсірмей.
Бетті бір түзеп күнгейге,
Қақтың-ау қанат, қыраным.
«Кездеспей кеткен бір бейне» –
Кезекті Еркебұланың.
Басталды тойың ас та төк,
Болды, аға, кезің аялдар.
Табақтап шашу шашты әкеп,
Ақтоты, Ұлпан, Баяндар...
Қатайып алды Қарабай,
Туып тұр соның заманы.
Сәлемге түзу жарамай,
Қолыңды селқос алады.
Қодарың алды малды айдап,
Айта алмай жүрміз ұры деп.
Аузында соның балқаймақ,
Қолында соның құдірет!..
Алдыңнан шыққан алқынып:
– Алдияр! – дейді жас қауым.
Іздеген талай шарқ ұрып,
Сағынып алтын бастауын!
Елжірей күткен елің бар,
Шомылып шарапатыңа.
Бусанып жатқан жерің бар
Бостандық алақанында!
Бодандық қалған адыра,
Өзіңде бақыт-ұшпағың.
Ғабеңді мінгіз тағына,
Тәуелсіз Қазақстаным!





Пікір жазу