19.09.2022
  80


Автор: Темірше Сарыбаев

МАРИЯМ МҰҚАН КЕЛІНІНІҢ МОНОЛОГІ

Алмасса да неше күз, неше көктем,
Секілдісің қасымнан кеше кеткен.
Сағындым ғой, Сәбем-ау, аңқылдаған,
Сенен хабар келмейді не себептен?!
Сарғаяды бұл күнде санамда мұң,
Ақтаруға асығам саған бәрін.
Қазір келіп қалардай қысыламын,
Жинайтыным – қағазың, қаламдарың.
Сүртетінім – кітабың, сауыттарың,
Қажетіңнің тыншимын тауып бәрін.
Күн батқанша күйбеңдеп, сілелеймін,
Сезем сосын алдымда қауіп барын...
Көз алдымда күлгенің, шаттанғаның,
Шаттанғаның – шалқып сыр ақтарғаның.
Елесіңмен күн кешем ертелі-кеш,
Кәрілікке дауам сол – тапқан дәрім!
Тілеп алып әлі де басыма әлек,
Қарайлаймын қазанға, асыма көп.
Дастарханның бір шетін ала отырам,
Сен шынтақтай кетердей қасыма кеп.
Мен де аунармын, рас-ау, ақтанкерден,
Үмітім бар өздерің жатқан белден.
Арманым жоқ, атыңды ардақ тұтар
Халқым үшін мың тәубе, мақтан көрген!
Опа берер кісіге ой қаншалық,
Кейде күдік кетеді ойран салып.
Қолтығымнан демей бер, рухыңменен,
Асқар тауым, айбыным, қайран Сәбит!





Пікір жазу