ПАЙҒАМБАРЫ ПЕЙІЛДІҢ
Сәбит Мұқановқа
Тілін тапқан ата менен баланың,
Жырын шерткен ескі менен жаңаның.
Қанға сіңген қасиетім ол менің,
Қастерлеңдер ардың алтын қаламын!
Қағазға да, қашап жазған тасқа да,
Қамқор болған жарлыға да, ашқа да.
Сәбең менің – шежірем мен тарихым,
Тарихымды таптатпаймын басқаға!
Атын ӘЛЕМ ардақтаған арысым!
Қуаныңдар арысыңның бары үшін.
Көрпе астынан күңкілдеген кім анау,
Халқым саған қорлата ма намысын?!
Тыйыл!
Жоғал!
Үн шығармай, өш бірден!
Сендей-сендей толып жатыр көшке үрген.
Асылымды аспандату үшін мен,
Ақыл сұрап көргенім жоқ ешкімнен!
Қопаңдамай, сәл басылшы, құл-барақ,
Шырылдатпа шындығымды жұлмалап!
Таупықсызға талатпаймын тірімде,
Періштемді сәруар-сәуле, нұр-қанат!
Дейтіндей-ақ: «Көкте – Тәңір, Жерде – Мен»,
Ондай қазақ бұл жалғанда кем де кем!
Кедейлердің бұрқыраған вулканы – ол,
Жалын атқан жанартау ғой сөнбеген!
Күнге көлбеп, айға шалқып алауың,
Желбірей бер, менің «Жұмбақ жалауым!»
Күресінге шығып қалар күні ертең
Бүгін саған шүйіргендер танауын!
Қағып-сілкіп құс төсегін зейіннің,
Айттым – бітті, тұманымнан сейілдім!
Күндемеңдер, тілдемеңдер, тірілер,
Ең ақырғы пайғамбарын пейілдің,
Ең ақырғы пайғамбарын пейілдің!