19.09.2022
  173


Автор: Темірше Сарыбаев

САҒЫНАМ СЕНІ...

Сағынам сені бұрынғыдан да қаттырақ,
Көңілімді көрсең – құлаған құздан ақ бұлақ!
Күз желі ме екен, іздеді ме екен зарығып,
Жапырағын жұлып, сабалап жерге жатты бақ.
Сағынам сені, жанымның жарық сәулесі,
Таңырқай қапты
Қалмаған жандай тау да есі.
Сонау бір шыңның қойнауы жақтан кешқұрым,
Сабыр табайын сабама түсіп, «әу» деші!
«Әу!» деші, жаным, даусыңнан дала дүр етсін,
Түрілген бұлттай тоз-тоз боп кетсін түнек шын.
Жамырай шықсын асқақтап сенің алдыңнан,
Орманың, көлің,
Ой-қырың,
Белің – тілекшің!
Қарсы алсын бәрі менімен бірге жарысып,
Нөсермен, селмен,
Дауылмен, желмен алысып.
Мауқын бассыншы, марал мүсіндім, өзіңмен,
Тәңір сыйындай, тағдыр мәніндей табысып.
Сағындым сені, сағынбас менде хал бар ма?
Сыр айтып қайтем сағына білмес жандарға?..
Жеткізетін сен жабығып жолда қалғанда,
Өткізетін сен асуын бермес арманға!





Пікір жазу