19.09.2022
  94


Автор: Темірше Сарыбаев

КЕЛДІ КҮТКЕН УАҚЫТ

Бозарып келе жатқан таң ба мынау,
Шынымен түннің өтіп қалғаны ма-ау?!
Япыр-ай, жеңісім бе, жеңіліс пе,
Білмеймін, не сыйлайды алдағы дау?
Мен үшін сен де, қалқам, алаңбысың,
Ағаңның алармысың жан алғысын?
Жүрегім, қазір көрсең, түте-түте,
Тағдырым қызыл итке таланды шын.
Жағдайың жоқ па әлде арашалар,
«Хан басын туды-ау заман қараша алар».
Мен де бір берілмейтін биік едім,
Шыңыма шыға алмайтын аласалар.
Берсең, бер, бермесең, қой, қол ұшыңды,
Алдыңда әдеп сақтап, жол ұсындым!
Жайымды дұрыс ұқсаң – жайлауыңмын,
Меселді қайырмасаң – қонысыңмын.
Өзіңде, уа, қалқам, ендігі үміт,
Уақыт өзің күткен келді күліп!
Тәуекел, үйленейік көзді жұмып,
Қалсын бір дос қуанып, ел дүрлігіп.





Пікір жазу