19.09.2022
  114


Автор: Темірше Сарыбаев

ЖЫРАҚТАСЫҢ

Сен менен шалғайдасың,
Жырақтасың,
Өзіңсіз көңіл қалай тұрақтасын?
Сағындым сары белден сені күтіп,
Ағызып бері қарай бұр атбасын.
Күн күңгірт
Жайшылықта көкте күлген,
Отырмын терімді үгіп көп төгілген.
Жалғастыр артта қалған жазымменен,
Қауыштыр қош айтысқан көктеміммен.
Ұш маған!
Қанат байлап самға, құсым,
Өзегім өзің деген талмау үшін.
Жүрсең де жеті ықылым жер түбінде,
Жетеді құлағыңа жан дауысым.
Көктеп өт
Көк өзенді, жасаң қырды!
Айқарып құшағымды ашам, құрбы.
Қиырдан бұйыратын сен болмасаң,
Төрт болып екі көзім, тосам кімді?!
Кел енді, көп күттірмей, тезірек кел,
Шаққа тұр шарт сынғалы сезім-өткел.
Қайғының қайығы жоқ дариясынан,
Алайда,
Айласын тап,
Өзің өткер!





Пікір жазу