19.09.2022
  105


Автор: Темірше Сарыбаев

СҮЙДІҢ ЕКЕН ШЫНЫМЕН...

Сүйдің екен шынымен
Күдіктенбе,
Сеніміңді биік қой іліп төрге.
У сорғалап тұрады уайымнан,
Жұлдыз жайнап тұрады үміттерде.
Сүйдің екен шынымен
Қапаланба,
Ақиқат қой: бір таңың атар алда.
«Сабыр түбі – сары алтын» деп үйреткен
Алғысыңды үйіп-төк аталарға!
Сүйдің екен шынымен
Шыда, күнім,
Кәрі құртын жей берме құлағымның.
Өмір өзі-ақ береді бір жауабын
Сенің түпсіз телегей сұрағыңның.
Сүйдің екен шынымен
Алшақтама,
Бір қалыпты бола біл бар шақта да.
Көп күйінген кетеді күлге айналып,
Жан сақтаймыз қосылып жансақ қана.
Сүйдің екен шынымен
Төз, маралым,
Онсыз сенің жоқ қазір өзге амалың.
Ақиқаттан аттайтын шарам қайсы,
Сыйғыза алар емеспін сөзге бәрін...





Пікір жазу