19.09.2022
115
ТУРА ЖОЛМЕН ЖҮРІП КЕЛЕМ
Өтті сөзің бауыр-еттен,
Неге сонша ауыр өкпең?
Төпеп-төпеп басыларсың
Ақ жаңбырдай жауып өткен.
Бүркеп күннің шұғыласын,
Қалай-қалай құбыласың?
Бұрын неғып аңғармаған
Бұраны бос мұны басым?
Түн жамылып ұраны ашқан
Ұрыдайын тұра қашпан.
Сен айта бер айтарыңды,
Ақталман да кінәласпан.
Тура жолмен жүріп келем,
Көрмеген ем бұғып төмен.
Күн кешу де қиын маған
Күні күңгірт күдікпенен.
Не жетеді бөле ішкенге,
Өкпе орынсыз өрісті ерге.
Мен болайын тізе бүккен,
Сен жете бер жеңістерге!