19.09.2022
116
![](/uploads/shorttexts/author_image/sarybajuly1.jpg)
ІЗДЕДІМ АТҚАН ТАҢНАН
Қоштаспай,
Тым құрыса хабарласпай,
Сырыңды сыртқа да айтпай,
Маған да ашпай.
Жарық боп түнгі Алматы кетуші еді-ау,
Жарқылдап сен шыққанда ақ алмастай.
Іздедім атқан таңнан, батқан күннен,
Байқатпай сыбағаң ба сақтап жүрген?
Емендей мықтымсынып жүргенімде,
Құлауға қопарылып шақ қалдым мен.
Сұрадым тарғыл тастан,
Кәрі шыңнан,
Сұрадым бейтаныстан,
Танысымнан.
Дірілдеп қарт Алатау құрақ ұшты
Жапанға жаңғырыққан дауысымнан.
Қалдық па ағайынның тіл-көзіне,
Ырқым жоқ,
Ынтызармын күнде өзіңе.
Жарығын атқан таңның саған тілеп,
Жамылып мен жатырмын түнді өзіме.
Жүректе қасаң қайғы қыстап қалып,
Жат ойлар жатыр қазір қыспаққа алып.
Өртеніп кетуім де ғажап емес,
Өзің кеп шығармасаң ұшпаққа анық.