ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
Ботакөз,
Қаз омырау,
Марал мүсін,
Жарқ етсе, жаулап алар жанарды шын.
Қазақтың қызындағы сұлулықты
Әлемді алты айналсаң, табармысың?!
Ай қабақ,
Найза кірпік,
Қасы қандай?!
Сәулесін сімірер ме ең, шашып алмай!
Көзінің қиығымен бір шарпыса,
Көңілің көтерілер тасығандай.
Кең пейіл,
Жаны жомарт
Кербезім-ай,
Он сегіз – солқылдаған дер кезің-ай!
Биязы үн,
Қимылы би,
Мақпал жүріс,
Елге – қүт,
Балаға – ана,
Ерге – жұбай.
Қолыңмен сипағанда қолаң шашын,
Жігіттің шым еткізер жон арқасын.
Жанына жанай кетсең, жұпар аңқып,
Еркіңді ап, дегбіріңді жоғалтасың.
Арманы – ақ,
Жүрегі – от,
Көркі – дастан,
Өтті ғой ғашықтықтың өрті бастан.
Алдырмас құпиясын құлыпқа сап,
Кілтін кім-кімдер де толқып ашқан.
Көркімен табындырған, ақылымен,
Жайнаған дос-жарымен, жақынымен.
Жомарттай жолым болды дей бер, жігіт,
Арудың кез келтірсе сақыбымен!