БОЛУ КЕРЕК БІР ӨТКЕЛ
Арамызда қатпар-қатпар құзар шың,
Арамызда асау дария мың аршын.
Ашық күнде арманыңа алаңдап,
Айдыныңды аңсап күткен шығарсың.
Тоқтата алмай мұң-мұхиттың тасуын,
Жігеріңді құм етті ме жасуың?!
Соқты-ай келіп солқылдата ақ дауыл,
Маған, мүмкін, келіп кетті ашуың!
Сыры жұмбақ жайымызды білсін кім,
Торында қап, тұншықтың-ау, тылсымның!
Күн күркіреп тұрды кеше кешкілік,
Әлде мені ойлай-ойлай күрсіндің?..
Аққу-арман іздейді ғой сыңарын,
Әлденеге елеңдейді құлағым.
Ертеңгілік жаңбыр жауды селдетіп,
Сағыныштан ағыл-тегіл жыладың?..
Бұлт ыдырап, күннің көзі ашылды,
Шуақ нұры шартарапқа шашылды.
Таң алдында тәтті ұйқыдан оянып,
Терезеңе сүйеп пе едің басыңды?
Екеуіміз де кездесуге құмарттық,
Құмартумен жүректерге жүк арттық.
Үлпілдеген бөкебайың сияқты,
Қалқып көкте келе жатты бір ақ бұлт!
Қояр дауыл, тұман тарар тұмшалар,
Кез де келер сыр ақтарар, мұң шағар.
Екпіндеп кеп омырауыма оралды
Өзің жақтан еркелеген бір самал.
Сағынышпен сазға толар жүректер,
Жүректердің бір соққанын тілеп көр!
Сен де шыда,
Мен де төздім,
Тәуекел,
Махаббатта болу керек бір өткел!