19.09.2022
  103


Автор: Темірше Сарыбаев

ҚАПАЛАНБА

Тарс етіп тигендей-ақ тасқа басың,
Қаймығып, қымсынасың, жасқанасың.
Жарқылдап жүрегімде жай ойнайды,
Қарс жауып қабағыңды, ашпағасын.
Қоя сал, қиналмай-ақ, қорғаласаң,
Жел соқса, бұрқыратар ордаңа шаң.
Басынан бағы ауғанмен бұл ағаңның,
Қалғанын көріп едің жолда қашан?!
Мен үшін қапаланба,
Қарайлама!
Көнгенмін,
Көне берем сан айлаға.
Өйткені көңілімнен өшірмеймін,
Мен оны жазып алғам жан-айнама.
Жан-айнам – жарқын жүрек, аппақ көңілім,
Жырларым жөңкілетін қаптап менің.
Кеудемнің сыңғырлаған сарайының
Келіп ем бір өзіңе сақтап кенін.
Не дейін, ерік сенде, шешім сенде,
Жақсаң да жан алауын, өшірсең де.
Бағытсыз басым ауған жаққа кетем,
Қалдырып махаббаттың көшін шөлге.





Пікір жазу