19.09.2022
  308


Автор: Темірше Сарыбаев

СЕН НЕТКЕН СҰЛУ ЕДІҢ?

Сен неткен сұлу едің,
Сымбатты едің,
Әкеттің сезімімді ұрлап менің.
Жаныңа жеткізе алар емеспін-ау
Жақұтын, жүрегімнің жырлап кенін.
Айналдым жанарыңнан мөлдіреген,
Сен жайлы өле-өлгенше ендігі өлең.
Өзің деп омырауымнан төңкерілген
Тоқтата алар екем селді немен?
Жә, жетер, алқына ақсын, бөгемедім,
Тайсақтап өзгертпедім өлең өңін.
Жалтару жазмышымнан жараспайды-ақ,
Жұлдызым жанбау керек неге менің?
Әлде сол... еркелігің, өрлігің бе?
Қалайда елең еттім мен дүбірге.
Көктемнің қанатымен қабаттасып,
Айналып аққу-арман келді бірге.
Кезімде мың сүрініп, мың жығылған,
Сыр ұқтым сарайыңның сыңғырынан.
Кеудемнің күмбезінен күмбір қағып,
Асқақтап аспанымда тұрды бір ән.





Пікір жазу