19.09.2022
159
ҚОС ҚАНАТПЕН
Тұтасқан жалыныңмен түнгі өрттейсің,
Көзімнен сол қалпыңда бір кетпейсің...
Мұңайсам – жан-тәніңмен құрақ ұшып,
Қуансам – бірге гүлдеп, бір көктейсің.
Білмеймін, тапқасын ба жан жарасым,
Мен үшін тең тұрады ханға басың!
Аспанның асты тарлық қылмас па екен,
Қосылып, қос қанатпен самғағасын?
Айқара ашылғанда нұр құшағың,
Құбылып құба белде тұрды сағым.
Мен сенің әуеніңмен бірге әуелеп,
Мен сенің қиялыңмен бірге ұшамын.
Ешқашан бөлінбестей кіріккенбіз,
«Иран қыз» десін мейлі, «Түрікпен қыз».
Семсерді сенім деген серт қып тағып,
Құтырған құтылғанбыз күдіктен біз.
Жұлдызы жарқыраған жырдағы ізден,
Шамасы, шайлыққандай шың да бізден.
Аққуға аңтарылып қарай қапты
Жұп жазбай сұлу қалпы Сырда жүзген.