19.09.2022
115
МЕН ДЕ ІЗДЕЙІН
Мен де іздейін,
Бір айла өзің де ізде,
Бой беретін емес қой сезім бізге.
Сарқылмайтын сағасы бұлақпыз ба,
Жиналмайтын жағасы теңізбіз бе?
Екеуімізді айырып ерік-күштен,
Жарқылдаған жасын ба бөліп түскен?
Қауқары жоқ дауылға желқақбақтай,
Неге тына береміз өртке іштен?
Бір айласын тапсайшы,
Бір амалын,
Аз емес қой азапқа шыдағаным.
Сен бір қызы емес пе ең даңқы шыққан,
Мен бір ұлы емес пе ем Ұлы Ананың?!
Ақының ем жанынан жыр түлеткен,
Мүмкін емес нәрсені мүмкін еткен.
Жеке шығып шығандай бергенімде,
Өзің келіп қосылдың бір түбектен.
Күш те кеміп,
Азайып қалды нұрым,
Түкпірімде тығылған бар-ды мұңым.
Соның бәрін аяла шуағыңмен,
Енді өзіңе тәуелді бар ғұмырым.