19.09.2022
116
КӨЗІМЕ НЕ КӨРІНДІ?..
Көзіме не көрінді сені көрмей,
Жаныма жал біткен жоқ желігердей.
Жас-жаңбыр жанарыңда мөлт-мөлт етті,
Үф десем, төмен қарай төгілердей.
Қайтеді қамықпасқа қамықпасаң,
Үрейлі ой түсіреді тамұққа сан.
Мен сені қара жерде қалдырмаймын,
Бір күні аспан жаққа алып қашам.
Серігің бар емес пе сенім деген,
Туғанда-ақ жүрегіңе желімдеген.
Рухың барлық кезде биік тұрсын,
Жаудан да андыздаған жеңілмеген.
Мұңайма, бостан-босқа мұңаймашы,
Табылар бәрінің де бір айласы.
Сатқын кім,
Сатылған кім,
Суайт қайсы?
Көңілдің көрсетеді шарайнасы!
Сүйенші, сүйене алсаң сабырыңа,
Көн қатса, қайтып келер қалыбына.
Көлеңке көп түсіріп әуреленбе
Жанымның өзің жаққан жарығына!