19.09.2022
127
КӨП ТЕРГЕМЕ
Көп тергеме сұрақтың астына алып,
Мұршам да жоқ ың-шыңға бас бұрарлық.
Омырауымды опырып, бөгет бермей,
Жүрегімді барады тасқын алып.
Өн бойымды күндіз-түн ой кернейді,
Ой кернейді,
Кейде ойлар бой бермейді.
Айтарымды ақтарып айта алмаймын,
Сөйленетін сөздерім сөйленбейді.
Кешір мені, мұндайда кешіре алсаң,
Өткен күнді кешер ең,
Есіңе алсаң.
Тынып жүрген кезімде тыныштық бер,
Сосын мейлі,
Еркіңде не шығарсаң!
Мазалама, ойлардан айықпасам,
Өзгермейтін дағдым ғой, байыптасаң:
Дариядай бір күні ақтарылып,
Өз-өзімнен алдыңа жайып салсам.
Шыда,
Шыда,
Сәл шыда,
Шыда, күнім,
Қияларым сағынды қыран үнін.
Мен деген не?
Мен деген – ақиқат пен
Шындық деген тұғырдың шырағымын