19.09.2022
  104


Автор: Темірше Сарыбаев

ЖАНАП ӨТІП, ЖАЛТ ЕТІП...

Қарабауыр қазанның бұлты келіп,
Жауайын деп тұр тағы күн түнеріп.
Жанап өтіп,
Жалт етіп қарадың-ау,
Жанды өртеген жанармен, шіркін елік!
Сол бір қара көзіңнен мөлдіреген
Оттай жанып, оқыдым мен бір өлең.
Жаутаңдаған жүзіңнен жыр іздеген
Жүрегімді тежеймін енді немен?!
Тоқтамайды енді ол, басылмайды,
Жалпақ елге жаяды жасын жайлы.
Қолдаса да риза қолтығынан,
Торласа да риза басын қайғы.
Білем, білем,
Басқаға бұрылмайды,
Кім алады шаттығын,
Кім ұрлайды?!
Ұғынғысы келіп-ақ ұғынбайды,
Бозторғайдай бебеулеп шырылдайды.
Шын ғашықтар мұнымды қолдары анық,
Жорғаларың жатады жолда қалып.
Құлағанша сенбейді ол ешкімге,
Түскенінше туралап орға барып...





Пікір жазу