meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  19.09.2022
  137


Автор: Темірше Сарыбаев

ХАТЫҢДЫ ЖОЛДА

Тірелді білем
Төзімнің бәрі шекке кеп,
Сен маған кеттің
Тас-талқан болып өкпелеп.
Көрісу енді жоқ шығар бізге
Көзбе-көз,
Жүздесу енді жоқ шығар бізге
Бетпе-бет.
Жүрегім жерде,
Қиялдың қылы қырқылған.
Кеудемде түк жоқ,
Күмбірлеп кеше жыр тұнған.
Арман да – адыра,
Үмітім – өлі, тәнім – тұл,
Сәруар жаным парша да парша жыртылған.
Тып-тыныш бәрі...
Тіршілік біткен жайраған,
Қарайды көктен қамығып жарты ай маған.
Сұрапыл соғыс сойқандап жүріп өткендей,
Қаламның бағын,
Даламның бағын байлаған.
Бойымды түгел барады жайлап у қайғы,
Атқақтап жүрек,
Аптығып қаным тулайды.
Қобыз орнына кеудемде бір күй үздігіп,
Мұхиттай мұңмен мөңіретеді қурайды.
Мұхиттай мұңмен...
Аспанның асты азынап,
Көмердей мені күңіренеді
Қазір-ақ!
Хатыңды жолда қарлығаштардан, қалқатай,
Қанатындағы қалайын жырды жазып ап...





Пікір жазу