19.09.2022
  99


Автор: Темірше Сарыбаев

ДАРИЯНЫҢ АҒЫСЫНА

Дарияның қарсы жүзер ағысына,
Білмесең мінезімді, тағы сына.
Еркіңде – басқа секір, төбеме шық,
Алайда шақпақ жақпа намысыма!
Сонан соң тақпа титтей арыма мін,
Ол – ақ шың кір жұқпайтын қары қалың.
Мен оны тірлігімде ту көтеріп,
Өлгесін ақ кебін ғып жамыламын.
Сол менің қорғап өлер қос бөбегім,
Сол менің бұл жалғаннан хош көрерім.
Лапылдап сол екеуі аман тұрса,
Маған да қажеті жоқ ештеменің.
Биіктен жарқ-жұрқ етер ар-намысым,
Қамықпан қапа болып қалғаны үшін.
Екеуі екі жақтан демеп мені,
Бүп-бүтін болашаққа жалғары шын.
Ар-намыс – өмірімнің барша мәні,
Жанымның, жайқала бер, аршалары.
Қайнары қуатымның сендер барда,
Сөз бе екен шалдыққаным, шаршағаным?!





Пікір жазу