19.09.2022
168
ҚҰТТЫҚТАП ТУҒАН КҮНІҢМЕН
Сен барда маған бар ма мұң,
Нәр алам нәзік үніңнен.
Жырыммен алғыс арнадым,
Құттықтап туған күніңмен!
Сен барда шыңдай биікпін,
Мығым да менмін іске нық.
Шалқып бір келіп, сүйіктім,
Кетесің жігер, күш беріп.
Сен барда шабыт жаңылмай,
Тайпалса, бұзбас жорғасын.
Жарқынмын тамыз таңындай,
Жанымда өзің болғасын.
Сен барда бақыт қолымда,
Өзімнен-өзім гүлдеймін.
Өлем-ау, өлсем, жолыңда,
Мазақта мені,
Күл, мейлің!
Иыққа ылғи тас артар
Қыңбаймын тағдыр сынынан.
Жайнатып мені жасартар
Жалғыз-ақ сенің шұғылаң!