meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  19.09.2022
  160


Автор: Темірше Сарыбаев

ТӨЗІМІМДІ САРҚЫП АП

Тағатымды, төзімімді сарқып ап,
Жапырақсыз жас ағаштай қалтырап,
Торға түскен тотыдайын бүрістім,
Жаңа ғана келіп ем ғой шалқып-ақ.
Жаңа ғана ашық еді аспаным,
Жаңа ғана лағыл еді-ау шашқаным.
Ашық күнде абайсызда адасып,
Бақшасына түскендеймін басқаның.
Қайда қуат қанатымнан демеген,
Айғабақтай өмір едің не деген?!
Олар отыр...
Мен елеусіз қап барам
Жолаушыдай қалып қойған кемеден.
Маған басын шайқайтындай бар әлем,
Жалаң аяқ алқынамын жағамен.
Ай шалқалап жарысады менімен,
Бауырында бұлдырайды қара мең...
Келіп алып, кейін тағы қайта алмай,
Айтарымды, тұншықтым-ау, айта алмай.
Сау басымды саудаға сап,
Сиықсыз,
Ту сыртымнан сақ-сақ күлген сайтанды-ай!
Тұрайын деп оқталсам да тұра алмай,
Тұрсам болды, сай-сүйегім сынардай.
Саған бермек сәлемім де сәмсіреп,
Быт-шыт болды-ау бытырадай құралмай.
Өн бойымнан қуат кеміп, құт қашып,
Шықтым әзер аяғымды тік басып.
Сендер қалып бара жаттың артымда,
Бір-біріңмен иықтасып, жұптасып.





Пікір жазу