19.09.2022
  220


Автор: Темірше Сарыбаев

СЕНІ ЖАҚСЫ КӨРУ

Сені жақсы көрген сайын өбектеп,
Неге маған тосқауыл көп,
Бөгет көп?..
Солқылдатқан дауылдан соң мамырлап,
Басылатын емес пе еді жел ептеп?
Орманның да шайқап-шайқап шыршасын,
Басылатын емес пе еді бұрқасын?!
Тастың бәрін үйіп-төгіп жолыма,
Сосын кімге төсер екен ұлпасын?
Көндім.
Төздім.
Шыдамымды шираттым,
Көнбей, төзбей, өзімді-өзім қинаппын.
Күннің де өзін қанатымен көтерген
Менің қыран-қиялымды қимақ кім?!
Қия алмайды
Қылышың да қылпыған,
Нала-наздың серпілемін бұлтынан.
Менің таңым ап-айқын боп атады,
Күлетіндер күле тұрсын мұртынан.
Маған ешкім теңеспейді сен барда,
Бір кісідей жүгінемін мен де арға.
Сауырына суық қамшы тигізбей,
Қарагерім жалғыз келер,
Көмбе алда!





Пікір жазу