Елес
Жүрегіңе не жетеді қардай ақ,
Мен де сенен жүргенім жоқ жанды аяп.
Сезем сенің маған деген көңіліңді,
Маңайыңа жақынырақ бармай-ақ.
Алыстасың...
Шалғайдасың...
Жоқ айлам.
Мен мұндамын сопа басы сорайған.
Аппақ түтек алды-артымды тұмшалап,
Борайды қар,
Борайды қар,
Орайды ән.
Тағдыр ісі, не болса да, көнесің,
Алып-алып, тынбайды екен, неге өшін?
Меніменен шалқып-тасып келеді
Ақша қардың арасында елесің.
Елес,
Елес,
Өң мен түстей ғажап-ай!
Ақындардың арылмаған азабы-ай!
Тас төбемнен күн күркіреп боранда,
Жүрегімде жарқыл қақты найзағай.
Елес,
Елес,
Өң мен түстей алмасқан...
Ай мен күндей,
Жыл мен жырдай жалғасқан.
Кенет менің көз алдымда қып-қызыл
Отқа оранып, өрттей түтеп, жанды аспан.
Түсті, міне, төбеме кеп бір ұшқын,
Өртенбеуге,
Жанталастым,
Тырыстым.
Әрі аунаған, алаулаған аспаннан
Сен боп қайта күлімдеді күміс күн!