19.09.2022
  131


Автор: Темірше Сарыбаев

СЕЗІМ-АЙ!

Сезім-ай селі тасығыш,
Өмір-ай қысқа, қап, әттең.
Ұшасың құстай асығыс
Шырылдап жүрек-қанатпен.
Әркімге мұндай қайда бақ?
Шығарып әбден есімді...
Жатасың жалғыз аймалап
Жайлаудай жалаң төсімді.
Сылдырап бұлақ жырлайды,
Тұрады төніп ақ бас шың.
«Мың бір түннен» де мұндайды
Мың рет оқып таппассың!
Байлаймыз қанат онан біз,
Жұрт айтар ессіз емеспіз.
Жұмақта болсақ, болармыз,
Әйтеуір, жерде емеспіз.
Орнайды дейсің басқа құт,
Еседі бір күй Жайықтан.
Жатамыз айды жастанып,
Жаралған жандай ғайыптан...





Пікір жазу