19.09.2022
  159


Автор: Темірше Сарыбаев

СИРЕНЬ ГҮЛДЕГЕНДЕ

Күнді өткеріп қу тірлік күйбеңменен,
Бара алмадым биыл да сиреньге мен.
Сирень құмар жанымды сөз етіп жүр,
Айыр тілді аярлар сүйреңдеген.
Сирень десе, соғатын бірге жүрек,
Өзің айттың: «Сиренің гүлдеді», – деп.
Жанарыңнан от көрдім жарқылдаған,
Сол бір шоқты оқталдым үрлегім кеп.
Оқталдым да тоқталдым,
Бата алмадым,
Келе жаттың қасымда қатар, жаным.
Сүйресең де сол жолы, сирень баққа,
Апарғаның жөн еді-ау, апарғаның.
Ой-хой, шіркін,
Сиреньнің иісі қандай?!
Ене алмайсың ішіне сүйісіп алмай.
Жұтқан сайын тұрады-ау жұтындырып,
Күмбірлеген кеудеңнен күй шығардай.
Кеш те болса, барайық сирень гүлге,
Сирень гүлдің иісіне үйрендің бе?
Шалқып-тасып билейік ай астында,
Көкке қанат сермейік күймен бірге!





Пікір жазу