19.09.2022
  108


Автор: Темірше Сарыбаев

ШАРПЫҒАН ОТТАЙ...

Шарпыған оттай шалқып бір жалынды демің,
Сағындым, аға, өзіңді,
Сағындым дедің.
Бір ғана сөзбен төбемді көкке жеткізіп,
Бір ғана сөзбен асырдың бағымды менің.
Осыдан артың не күтсін ұнатқан адам?
Сөз емес енді хор қызы...
Жұмақ та маған.
Бақыттың құсы басыма қонды кеп бүгін,
Бұрын да, соң да баяндап тұрақтамаған.
Ұшамын шырқап қыранның қанатыменен,
Кеудемді кернеп бұрқырап баратыр өлең.
Көктеммен бірге көңілім құлпырды қайта,
Осынау сәтте бау гүлдеп, дала түлеген.
Артымда қалды күңкілдеп табашы кілең,
Келемін самғап ақ бұлттар арасыменен.
Өмірдің бақыт екенін сезіндім алғаш
Ағымен, тіпті, кей-кейде қарасыменен.
Бар ма екен пенде сезініп, бағамдар мұны,
Құлаққа әлсіз жетеді адамдар үні.
Мен үшін бұл күн қалайда аспандағы ай мен
Жеті қат жердің жаңадан жаралған күні





Пікір жазу