19.09.2022
  84


Автор: Темірше Сарыбаев

МАХАББАТҚА ШӘК КЕЛТІРІП

Махаббатқа шәк келтіріп күмәнді,
Ойда-жоқта айтып қалдың бір әнді.
Адалдықтан алда-жалда мақұрым
Салушылар сала берсін лаңды.
Айға теңе,
Теңе оны күнге де,
Оның орны, тірлік барда, жүлдеде.
Жұрттың бәрі жамандаған екен деп,
Махаббатты ешуақытта тілдеме!
Табын оған табынғандай Тәңірге,
Сүй сен оны,
Жұлдызым де,
Жаным де!
Мынау жалпақ дүниені жайнатып,
Құлпыртатын құдірет қой бәрін де.
Сол деп түсін алаулаған таң нұрын,
Сол деп түсін таландағы тағдырым.
Елден бұрын алдынан шық аптығып,
Ең алдымен соның қолын ал бұрын!
Қуат сонда жоғалтпайтын жастықты,
Қуат сонда елетпейтін аштықты.
Соның ғана уысында бақытың,
Талай тарпаң тулап-тулап бастықты...
Маған сенбе,
Жыр ғып жүрген елге сен,
Айналайын, айтпа олай деп, мен десең.
Алланы да сүйетінің өтірік,
Махаббаттың құдіретіне сенбесең!





Пікір жазу