19.09.2022
  158


Автор: Темірше Сарыбаев

БОСТАНДЫҚҚА БАСЫН ТІКТІ БОЗДАҚТАР

Намыс, Намыс,
Айналайын нар намыс!
Нар намысқа мен айтпаған бар ма алғыс?!
Алдаспандай намыс жарқыл қақпаса,
Түсетіні ақиқат-ты арға күш.
Ыза-кектің қатар келіп толғағы,
Жарды ақыры жүректегі бомбаны.
Алты басты аждаһаға қаймықпай,
Қарсы тұрды
Қазақ қазақ болғалы!
Сілелеткен саясаттың сарсаңы,
Бір ғана сөз біріктірді баршаны.
Мына жатқан «Менің елім» дегізіп,
Кең алаңды кернеп тұрды Шәмші әні.
Ән емес-ау, әуелеген ұрандай,
Кезді аспанды көкте қалқып қырандай.
Теңіздейін төңкеріліп, дөңбекшіп,
Ерсіл-қарсыл толқыды жұрт тұра алмай.
Қан тамырдан берген кезде от қылаң,
Қорыққан жоқ көк темірден, соққыдан.
Бостандыққа басын тікті боздақтар,
Қазақ үшін бақытты сәт жоқ мұнан!
Иә, Желтоқсан!..
Жердің беті ала қар,
Жанды жеді жаудан алған жаралар.
Жаңа дәуір басы болған бұл күннің
Бір минуты бір ғасырға парапар.





Пікір жазу