19.09.2022
122
АНА-ҚАЗАҚҚА АНТ
Жинаған шетке шашылған елін,
Сүйегің – мәрмәр,
Асылдан едің.
Бейнеңді сөзбен сондай алмасам,
Жағамнан алар ғасырлар менің.
Жасқа да талай көлкіді көзің,
Қайғыңды бұлттай серпідің өзің.
Қап-қара бұрым қазақтың қызы-ай,
Зәузатың – ар да,
Төркінің – төзім.
Найзағай-намыс жарқыл қаққанда,
Шашасың сәуле алтын бақтарға.
Мейірімің – теңіз,
Мерейің үстем,
Шалқарың шексіз шалқып жатқанда.
Жыртылса жейдем - бүтіндеп едің,
Ашуың келсе - түтіп жер едің.
Алақанға сап аялай алсам,
Хан ұлындай күтім көремін.
Оранған гүлге артыңда дала...
Құшағыңда айға талпынған бала.
Ел болып саған ескерткіш қойсақ,
Құяр ек соны алтыннан ғана!