19.09.2022
  132


Автор: Темірше Сарыбаев

АБАЙ ДЕСЕ...

Абай десе аянамын несіне,
Шапқан аттай шаң боратып көсілем.
Абай менің алдымдағы-мұратым,
Абай менің Алла берген-несібем!
Абай менің паш етерім әлемге,
Абай дауысы тарап жатыр бар елге.
Қай қиырға, қай құрлыққа барсаң да,
Ұлы Абайдың ұрпағынан сәлем де!
Шыққан күндей кеудесінен нұр шашқан,
Соның күші жап-жарық боп тұрса аспан!
Адамзаттың құпиясын, әлемін,
Жер-жаһанда жан бар ма екен мұнша ашқан?!
Айқындаған екі дүние арасын,
Ұлы Абайға бола қоймас таласың!
Жүрегіне орап туған о баста,
Өз халқының жазылмайтын жарасын.
Сөйлегенде сөзге қамшы салдырмай,
Тыңдаушысын тоқтамаған таң қылмай.
Әр пайымы аятындай құранның,
Кейінгіге айтар кеңес қалдырмай.
Аласысын алған түгел жалғаннан,
Енді бізге зер салып тұр заңғардан.
Қанша алсаң да қазынасы ортаймас,
Абайы бар қазақта да
бар ма арман?!





Пікір жазу