19.09.2022
  87


Автор: Темірше Сарыбаев

ОПЕРАЦИЯ

Көкірегіңе орнағандай бақ сенің,
Жаңа ғана жарқын едің, жақсы едің.
Әл үстінде?!.
Неткен суық хабар бұл,
Дәрігерлер,
Жаны кеңдер,
Тапшы емін!
Жыр-жүректі жайсыз ойлар тілімдеп,
Аяғымды баса алмадым, дірілдеп.
Көрінгенге күдіктене қараймын,
Айтатындай:
Сөнді сенің, күнің! – деп.
Үшінші этаж...
Жеткізбейді тым қашық,
Жүдеп келем, жанарымнан нұр қашып.
Үміт пенен Үрей қабаттасты да,
Жүрегімде жатып алды жымдасып.
Операция!..
Аямай сап қыл бұрау,
Арсыз кесел арманыма қылды дау.
Өмір, өлім арпалысқан бөлмеге,
Жаутаңдап-ақ тұрмын-ау!
Дәл осы сәт – қайыстырған зор қайғым:
«Қайтем енді, қалай ғана қорғаймын!»
Ұясына өрмелеген жыланды
Көзі шалған торғаймын...
Қайтем, қайтем,
Қалай ғана қорғаймын!





Пікір жазу