19.09.2022
  112


Автор: Темірше Сарыбаев

АЛАТАУ СЫНДЫ АСҚАҚТАП...

Бұралаң, рас, жол тайғақ,
Кешкенмін, ғұмыр кешемін.
Құрығын келген оңтайлап,
Құр қайтты менен неше өлім?!
Жадырап өтер жаз – елес,
Толған сен, мейлің, толғанба!
Адасқан сәтім – аз емес,
Айсыз да меңіреу орманда.
Қырқылып қиял қанатым,
Әлсіреп жырым – маздағым!
Қырандар ұя салатын
Құздан да құлай жаздадым.
Жанымды жайлап дерт бөлек,
Еңкейген кезде бесінге.
Акулалармен жекпе-жек,
Теңіздің қалдым төсінде.
Қалайда қайран қаламын,
Жұлдызды жанмын бағы бар.
Ажал боп ашты аранын,
Диюлар... Динозаврлар...
...Қарайды көкте жетім ай,
Тарайды кәрін жайған сыз.
Ерлікті тану – екі ұдай,
Егессіз, қызу майдансыз!
Бардым мен балғын бауға да,
Сәттерім қанша гүл терген?!
Шықтым мен шырқау тауға да,
Шыңдарын ақша бұлт емген!
Базарлы күнің ғой бақыт,
Қақпасын қақтым қарсы үйдің.
Бұрымын желмен ойнатып,
Бұралтып белін жар сүйдім.
Өткелден шүкір өтерлік,
Жығылмас жырдың туы бар.
Қатер де кештім жетерлік,
Қызық та көрдім қыруар!





Пікір жазу