19.09.2022
  155


Автор: Темірше Сарыбаев

АУЫЛҒА КЕЛДІ ДЕ АЛҒАШ...

Ауылға келді де алғаш велосипедтер,
Жас көңіл жаңалықты көрсе – көктер.
Алам деп мен де бірін үйге асықтым,
Үйімде не бар, не жоқ,
Өлшемеп те ем.
Беліңді бүкті ме екен зор талабым,
Әжетай, алып бер – деп қолқаладым.
Білмеппін шайқалыпты-ау сонда сенің,
Онсыз да жесір кешкен орта бағың.
Ауыр боп қорғасыннан алған демің,
– Олардай әкең қайда, қарғам ?! – дедің.
Тосыннан жел соққандай лып-лып етті,
Лапылдап алау атып жанған көңілім.
Ізінен балалардың қарадым да,
Зер салдым сенің зілдей қабағыңа.
Ештеме байқамадым, айта алмадың,
Келген жас кептелгендей тамағыңа.
Үмітім – жалп етті де үкім менің,
Тіктелмей тұрды-ау біраз бүкір белің.
Жұбаныш көрдің бе екен көнгенімді,
Құдай-ау, мұныңа да шүкір – дедің!





Пікір жазу