19.09.2022
  132


Автор: Темірше Сарыбаев

КІМ ТЫНШЫТАР КӨҢІЛІМДІ...

Кім тыншытар көңілімді дауылдатқан,
Кім жинасар жүгімді ауып жатқан?!
Анам келіп қалардай алаңдаймын,
Сағынышын арқалап ауыл жақтан.
Кімге айтармын жайымды түсін деп мен,
Тазарта алмай әлекпін ішімді өрттен.
Сыртқа шығып қарашы, құлындарым,
Әкем бе екен көшені дүсірлеткен?..
Алуан-алуан құстардың тізбектері,
Табиғаттың саз толы күз, көктемі.
Қалғып кетсем...
У да шу қайта оятып,
Аһ! ұратын секілді, іздеп мені.
Аппақ таңды атырам көзімді ілмей,
Бос екенмін,
Болғанмен сөзім мірдей.
Жынданатын шығармын бүйте берсем,
Өз дертімді дал болдым,
Өзім білмей.
Ағарған не,
Алыстан...
Ажал ма алдан?!
Жырларым ба булыққан,
Жаза алмаған?!.
Күндіз-түні кеудемде жай ойнатып,
Күркіреген бұл не күй,
Мазамды алған!





Пікір жазу