19.09.2022
133
ӨЛЕҢ ТУЫН АҚИҚАТ – ҚҰЛАТПАСЫМ
Көре алмасын,
Күндесін,
Күңкілдесін,
Зәредей де жоқ менің жұртымда өшім.
Пенделіктің пиғылы қусырылар,
Шың басынан шабыт-құс сілкінгесін.
Күлсін мейлі,
Даттасын,
Табаласын,
Айырмаймын адамның ақ, аласын,
Бопсалаған бозарып босқа қалар,
Бауырынан бәйге-жыр жарағасын.
Еркі өзінде ұнатсын,
Ұнатпасын,
Тозақ та – рас,
тірлікте жұмақ та – шын.
Өнер екшеп алады өз перзентін,
Абай жалғыз қазақта,
Бір-ақ Қасым!
Абай – жалғыз,
Қазақта – бір-ақ Қасым!
Бұлт ораған екі шың мұзарт басын.
Қос өркешім тұрғанда көк тіреген,
Өлең туын ақиқат – құлатпасым!