19.09.2022
  104


Автор: Темірше Сарыбаев

ЕЛІК-АРМАН

I
Бұрқырап буы көктемнің,
Сағымын белге орады.
Көбелектері бөктердің,
Сарғалдақтарға қонады.
Төбеге шығып төменді,
Тұр едім бей-жай ұнатып.
Бір елік қаша жөнелді,
Кеудемнен жырды құлатып.
Орталай беріп ор құмды,
Таяп-ақ қалған сияқты ем.
Көзімді шаңға толтырды,
Тобықтай ғана тұяқпен.
...Өттің де кеттің ағызып,
Ұстатпай маған, шіркін, бақ!
Шығандай бердің қара үзіп,
Тозаңың топ-топ бұрқылдап.
II
Тұлпар да міндім, киліктім,
Тақырдан ізін кестім де.
Тағы да қудым жүйрікті,
Дабыра қылмай ешкімге.
Бұлдырап дүние көшеді,
Айнала – жазық көкпеңбек.
Елігім желдей еседі,
Басымнан фәни өттің деп.
Таймаса деймін табаны,
Жалтарған жерден із бағып.
Бетімде ду-ду жанады,
Жігіттік желік, қызбалық!
Кетпеген есем егесте,
Намысқа жастан кемел ем.
Асыра түсіп белестен,
Жүйрікке жеттім жеме-жем.
Азары ойды жүз бөлер,
Кетер ме естен сірә-да?!
Арналы терең құз-кемер,
Арандап қалдым жыраға.
«Осылай досым» дегендей,
Остиып оқыс қарады.
Жазылмай қалған өлеңдей,
Жазаңға маңып барады.
III
Қинады жолым ауырлап,
Ұстатпасын да ұқтым мен.
Ақ бұлттарды бауырға ап,
Самолетпен де шықтым мен.
Алыстан таңы жарқылдап,
Бұл жолы тауға бұрылды.
Сәуледей түнгі жалтылдап,
Жықпыл тастарға тығылды.
Тығылдың жықпыл тастарға,
Елігім менің – арманым!
Жаңа бір жырлар бастарда,
Жаңа бір үміт жалғадың.
Биікке шықсам – төменде,
Төменге түссем – биікте.
Айналып өзің өлеңге,
Келесің тастап күйікке!





Пікір жазу