БОСТАНДЫҚ БАЛЛАДАСЫ
(Айжарық Сәдібековке)
Аядай тордың төрдегі,
Қызығын көрген қақ бөліп,
Толтырған әнге бөлмені,
Тотының бірі жатты өліп.
Серігі жоғын сезді де,
Тынысы құстың тарылды.
Теңселте торды кезді де,
Тітірей төкті зар үнді.
Қаумалап келіп жасырын,
Қамағандай-ақ қырық ұры.
Гөй-гөйін үйден асырып,
Сорлының шықты шыр-пыры.
Сайланып сыртқа атылмақ,
Қарманып о жақ, бұ жағын.
Алаудай түнгі лапылдап,
Шоғы боп алды ызаның.
Ашуын жиған алқымға,
Тотыға біткен төзбестік.
Өртенген осы қалпында,
Басылды оттай көзге ыстық.
Сығымдап аппақ сымдарды,
Сындыратындай тепкілеп.
Сұрайтын жандай мұңданды,
Серігім қайда кетті?! – деп.
Тың-тыңдап сәл-пәл
тосты да,
Тауысты төзім,
Тағатты!
Тырнағын сымға осқылап,
Тұмсығын торға қанатты.
Көрсетіп күштің не екенін,
Салды-ай кеп сойқан бүлікті.
Талансыз,
Құтсыз мекенін,
Төңкеретіндей сілікті!
Жалғыздық неткен ауыр сын,
Көрмегем мұндай сұмдық мен.
Қайғылы құстың,
Қауырсын,
Қанатына да тіл біткен!
...Түйінде ойды, түсін де,
Жауабын жырдың
тосқан жұрт.
Арандай тордың ішінде,
Алқынды құйттай бостандық!