19.09.2022
  207


Автор: Темірше Сарыбаев

ЖАЛАҒАШҚА ЖЫР-ШАШУ

Кеудемнен күміс самал өлең есіп,
Мен саған аңсап жеттім, көне бесік!
Атыңды алты алашқа ардақтайын,
Туыңды көтерейін, төбеме тік!
Атыңды балап өстім ар, иманға,
Далама симай кетем далиғанда.
Көркіңнен айналайын, алтын ордам,
Мәккам да, сенсің менің,
Мәдинам да!
Атамның ақжем
тартқан қорымдары,
Ағамның жайлап, көшкен орындары.
Ізімде желкілдеген жеткіншек бар,
Сарқылмас қазынам ғой соның бәрі.
Өткен ғой неше дүлдүл ілгеріде,
Өзіңнен түлеп ұшқан пір де, дүр де!
Қазақтың хандарымен
қатар тұрып,
Ақылдан алтын шашқан күллі еліме!
Әлі де күзетте тұр батыр бабам,
Жау шапса жар
салардай жақындаған.
Солардың аруағы ма, айбаты ма,
Бөрі жоқ тыныштығымды
тақымдаған.
Туған жер! Тәңірім де, Кием де сен,
Көлгірсу деме мұны, сүйем десем.
Антейдей әл-дәрменнен айырыламын,
Өзіңнің құдіретіңе сүйенбесем!
Туған жер! Басымды ием
жан анашым,
Үйіңді Бақ пен Қыдыр араласын!
Алдында жаңа ғасыр ақ тілегім:
Жайнай түс,
жарқылдай бер, Жалағашым!
Жайылып жатыр әне, жас құлашың,
Жанымды желпінтесің,
тастырасың!
Сен менің аңсап жетер Астанамсың,
Сен маған мәңгі-бақи Москвасың!





Пікір жазу