19.09.2022
  217


Автор: Темірше Сарыбаев

Түркістан

I
Ежелде ежел, ежелден,
Ескілеу мұңды сезем мен.
Шындыққа шөлдеп, қаталап,
Шыдамның ерні кезерген.
Ежелде ежел, ежелден,
Егеске қайтіп төзем мен?!
Адалға жаудай анталап,
Қараулар мылтық кезенген.
Ежелде ежел, ежелден,
Я жеңілген, я жеңген.
Батырлар өтті қаншама,
Атағы жеткен, өзі өлген!
Найзасы көкті тіреген,
Тәңірден медет тілеген.
Жайықтан атын еріттеп,
Асырған жауын Іледен!
Жалықпай жаға жыртыстан,
Күніне қырық қырқысқан.
Сен соның бүгін бәріне,
Куәсің, көне Түркістан!
II
Атамыз Алып – Сығайдан,
Анамыз Бегім – Ұмайдан.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деумен,
Не көрсек, көрдік Құдайдан!
Бөлініп едік бөрі алды,
Жақұтым жұртта жоғалды.
Байлығым, бағым тоналды,
Байырқар бізде не қалды?!
Сақтаған сырды сандығым,
Ұяттан жүзім жанды мың!
Өткен күндердің өлшеусіз,
Өзің айт, бізге тағлымын!
Қынадай қанша қырқылдық,
Мың жығылдық, мың тұрдық.
Ғайыптан тайып қолда тұр,
Мыңнан бір туар мүмкіндік!
Сұрама жөнін ғұрпының,
Сұрама жөнін ұлтының!
Шаншылтып шырқау көтерер,
Туы бол, тұтас Түркінің!
III
Жүйріктей шапса үдеген,
Бәйгеден келген бұл өлең!
Сансыз баптарға сыйынып,
Түмен де бапқа түнеген.
Табанын құмға күйдірген,
Күмбезін күнге сүйдірген.
Қасиетті қағбам – Түркістан,
Тәу етіп басты идім мен.
Мейірімі түскен Иенің,
Оғыздан қалған сый едің.
Бабамның бақи орны – деп,
Топырағыңды сүйемін!
Ауырлау парыз өтемі,
Ақтаймын, көзім жетеді.
Армысың, қара шаңырақ,
Ақыл мен Ардың мекені!
Тірелді саған жол басы,
Қолдасаң, жырды қолдашы!
Халқыма бірлік бере гөр,
Рух пен Иман ордасы!





Пікір жазу